"Тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта ірі-ірі жоспарлар құрылып, кесек-кесек ойлар айтылған-ды. «Бұрындары байлығымыздың 95 пайызы Ресейге, 5 пайызы ғана біздің еншімізге бұйыратын. Енді жағдай мүлде бөлек болмақ. БАӘ, Кувейттен кем болмаймыз. Бәсекелестікті арттырамыз…», – деген әңгімелер де айтылғанды. Өкінішке қарай, бұның бірін де көре алған жоқпыз. Совет үкіметін қанша жамандасақ та, бір нәрсені мойындауға тиіспіз. Ол кезде зауыт-фабрикалар, өндіріс орындары мен мәдени-рухани ошақтар халықты тәрбиеледі, өсірді. Көмір өндірісі, мақта зауыты, темір қорыту мен тау-кен индустриясын атасақ та жеткілікті шығар. Ал бүгіндері бәрі қираған… Қаңыраған үйлер, үйінділер… Қазір Қазақстан ине де шығармайды. Әйтеуір: «Бәрін жасап жатырмыз, қатырдық, бүйттік-сөйттік», – деп ауыздары көпіргені болмаса, шынында ештеңе істемейді.
Мұнай, алтын, уран, газ орындары шетел азаматтарының қолына өтіп кетті. Қайдағы бір алаяқтар, жыртық кебісімен келген келімсектер байып, миллионер, миллиардер болып, өз елдеріне қайтып жатыр. Қазақта да бай-бағландар бар. Бірақ бірен-саран. Ал негізгі қара халық босып жүр. Киейін десе киімге жарымай, жейін десе тағам таппай, өз елінде тұрған қазақты өз ағайындарымыз өзекке теуіп, сондай бір мүсәпір күйге түстік. Үйсіз-күйсіз сандалып жүргендер кім? Баяғы қазақ. 95 пайыз… Сұмдық қой. Ауылдағы жағдайды айтудың өзі қорқынышты. Жұмыс жоқ, не істейді, жатып келіп ішеді. Одан кейін барып «ұлт денсаулығының күрт нашарлап бара жатқаны» туралы желпініп тұрып сөйлейміз. Деректерге сүйенсек, ТМД елдерінің арасында Қазақстан халқының денсаулығы бойынша ең соңғы орында екен. Айналып келгенде, өз қолымызды өзіміз шауып отырмыз. Ал бұрындары қазақтың білім жүйесі қандай мықты болған. Негіз, фундамент бар еді ғой. Ал халық телеарнадан не көріп жатыр?! Күні-түні той-думан, ән-би, бір сөзбен айтқанда, нағыз жынойнақ. Ей, сонда өсетін, алдында үлкен жоспар қойған ұлт осындай болу керек пе? Ұлт туралы, ел туралы бір әңгіме жоқ. Айтатынымыз – той. Біреу екіншімен бәсекеге түсіп, басып озуды көздейді. Мағынасыз тірлік қой, бұл, Құдай-ау!.. Қашанға дейін бүйтіп өмір сүрмекпіз?.. Әлі де кеш емес…
Жақын аралықта доллар бағамы 400 теңгеге барады деген сыбыс бар. Сонда жағдайымыз не болмақ? Ал Қазақстанның шетелдегі қарызын айтсам, шошисыздар. Егер өміріміз өзгермесе, су көрмеген гүлдей солып қаламыз. Рухани солудың басы басталды, айналаға қараңыз. Мықты-мықты делінген жас ғалымдар шетелге қашып жатыр. Неге? Себебі, мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Әйтеуір өлместің күні… Бір мәселе төңірегінде сөз қозғалса: «Ойбай сөйлеме! Дымыңды шығарма…», – деп екі елі ауызға төрт елі қақпақты қойғаны қойған. Егер құлдық психологиямен өскен өскелең ұрпақ ертең өз құқын қорғай алмайтын ынжық, қорқақ, белгілі бір ұлттық ұстанымы жоқ мутант болып өссе, не істемекпіз? Осының бәрі ішімде жүр. Зиялылардың өзі кеудесін соғып, өзін-өзі мақтаудан аспайды. Шетінен – Таусоғарлар! Ал одан келер пайда бар ма? Айтыңызшы… Мерейтой дегеннен аяқ алып жүре алмайсыз. Біреудің алпыс жылдығы, біреудің сексені, біреудің тоқсаны, маған бүкіл қазақ қоғамы той тойлап жүргендей көрінеді. Біз – қазақтар, соншалықты сорлы күйге түсуіміздің сыры неде? Алдымызға ұлы мұрат қойған ұлт едік қой. Елімізде үлкен ғалымдар, саясаткерлер, спортшылар, мәдениет және өнер адамдары бар еді. Өзектерін өкініш өрті шалып, біразы күйіктен қайтыс болып кетті. Сонда немен мақтанамыз? Егер бізді елдің жағдайы шынында да мазаласа, онда бүйтіп отыра беруге болмайды. Әркім өздігінше ұлтына еңбек сіңіріп, жаңа жол іздеуі керек. Еліміз тозып барады. Бірін-бірі сотқа сүйреп, бірін-бірі қаралаудан басқа қолдан ештеңе келмей ме? Оңтүстік Кореяны қараңыз, анау Жапонияны мысалға алыңыз, іргедегі Қытайдың тәжірибесін неге меңгермеске?.. Абай елін шын сүйгендіктен ашына, ащы-ащы ойлар айтты… Оны қазекем кейін түсінді ғой. Сол сияқты, ұлтым үшін жаным ауырады. Қазақтан терең ұлт жоқ. Орыстың әсіре-ұлтшылдары: «Сейдахмет националист, өзінен басқаны көрмейді», – дейді. Мен олар айтқандай «ультра-национализммен ауырмаймын». Ауыратын – солар! Скинхедтер мен шовинистерден Ресей билігі де қорқып отыр емес пе?! Бұл сұмдық жағдай ғой. Ел ішіне іріткі салып, ыдыратып жібермекші…
Әлемді мойындатып жатқан қазақтың ұл-қыздары шығып жатыр. Бұл бекер емес. Қазақ – өте дарынды, өте алғыр халық. Дәл осы әңгімені ширек ғасыр бұрын айтқанмын, әлі де айтуға мәжбүрмін. Тәуелсіздікпен ғана тоқтап қалмауымыз керек. Әлемде ойып тұрып орын алатын ел екенімізді паш ететін уақыт жетті…"
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ